- Өмірі мен шығармашылық қызметі
- Әуезов жайлы белгілі мәдениет қайраткерлері
- Өмірбаян беттері
- Өмірі мен шығармашылық жолы туралы жалпы мәліметтер
- Құжаттар, хаттар
- М.Әуезовтің замандастарының естеліктері
- М.Әуезовтің дүниетанымы, ғылыми мұралары, публицистикасы, қоғамдық қызметі
- Прозалық шығармашылығы
- Драматургиясы, аудармалары
- Әуезов шығармашылығының бейнелері, тақырыптары
- Тілі, стилі, көркемдік ерекшелігі
- Әуезовтің шығармалары
- Әуезов әлемдік және қазақстандық мәдениет пен әдебиетте
- Әуезов және қазіргі заман
- Мерейтойлар. Күндер. Оқиғалар.
- Әуезовтану. Әуезов шығармашылығын зерделеу және насихаттау
- Библиографиялық мәліметтер
- Әлем Мұхтар Әуезов туралы
- Әуезов оқулары
Өмірі мен шығармашылық қызметі
- Әуезов жайлы белгілі мәдениет қайраткерлері
- Өмірбаян беттері
- Өмірі мен шығармашылық жолы туралы жалпы мәліметтер
- Құжаттар, хаттар
- М.Әуезовтің замандастарының естеліктері
- М.Әуезовтің дүниетанымы, ғылыми мұралары, публицистикасы, қоғамдық қызметі
- Прозалық шығармашылығы
- Драматургиясы, аудармалары
- Әуезов шығармашылығының бейнелері, тақырыптары
- Тілі, стилі, көркемдік ерекшелігі
Әуезов жайлы белгілі мәдениет қайраткерлері
Абдылдажан АХМЕТАЛИЕВ
Мұхтар Әуезов әдебиет майданында Шыңғыс Айтматовқа ақжол тілегеннен бері көп жыл өтті. Шығыс халықтарының әдебиетінде бірінші қатарда тұрған авторлардың қатарында біз Мұхтар Әуезовпен бірге Ш.Айтматовтың есімін атаймыз. Мұхтар Әуезов пен Ш.Айтматовтың шығармашылық байланыстары-екі бауырлас халықтың риясыз достығының дәлелі.
Абдылдажан Ахматалиев, Қырғызстан
Александр КУДЕЛИН
Мұхтар Әуезовтің сіңірген аса зор еңбегі, ол өз шығармашылығы арқылы Ұлы Даланы мекендеген қазақтардың тамаша құндылықтары-әдебиетіне, фольклорына және тұтас алғанда-бүкіл рухани мәдениетіне зейін аударта білді...
Тетралогия тек аса көрнекті туынды ғана емес, ол сонымен қатар тарихи-және теориялық-әдеби тұрғыда тамаша шығарма, романда ғалым Әуезовтің көркем құралдармен баяндаған тұжырымдамасы айқын аңғарылады. Нақ осы тұжырымдама, біздің ойымызша, М.О.Әуезов шығармашылығының әлемдік әдебиет процессінің түп төркініндегі маңызын анықтау үшін дұрыс бағдарлар береді. Осыған байланысты мына бір жәйтке назар аударалық, М.О.Әуезовтің тетралогиясы абызшылардың, музыканттардың, философтардың ақын-жазушылар мен ғалымдардың, тарихи және мемлекет қайраткерлерінің халық көтерілістерінің басшылары мен революционерлердің, фольклорлық және әдеби кейіпкерлердің есімдеріне, аңыз-әфсаналардың, фольклорлық-эпикалық туындылардың әдеби, тарихи, теологиялық және басқа да шығармалардың атауларына, әдеби және фольклорлық реминисценцияларға толы...
Ұлттық дәстүр арқылы жасалған, ұлттық әдебиеттің дамуы әлемдік әдеби тәжірибенің талаптарына жауап беретін синтезі-Абай Құнанбаевтың және Мұхтар Әуезовтің өзінің әдебиеттегі жолы. Нақ осы жолда аса көрнекті қазақ жазушысы әлемдік биікке көтерілді
Али Аббас ЧИНАР
Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, бірінші қазақ драматургы, тамаша аудармашы, көрнекті ғалым. Ол қазақ әдебиетінің, өнерінің, ғылымының дамуына үлкен үлес қосты және қазақ халқын бүкіл әлемге паш етті. Қазақ мәдениеті, қазақтың ұлы ақыны Абай, жазушысы Мұхтар Әуезов және оның «Абай жолы» романы-біртектес егіз ұғымдар, олар бірін-бірі жалғастырады.
Али Асгар ШИРДУСТ
Абай Құнанбаев-жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаушы және қазақ халқының ар-намысын ұстанған аса көрнекті қайраткерлердің бірі. Иран халқы оның ұлылығын, рухани, әдеби және ғылыми құндылығын мойындайды...
Мұхтар Әуезов өз өмірінің көп жылдарын ұлы Абайды зерделеуге арнады және Абайдың өмірін, шығармашылығы мен қызметін зерттеу жолында тынымсыз еңбек етті, сол арқылы жазушы қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне орасан үлкен үлес қосты.
Альбер ФИШЛЕР
Мұхтар Әуезов ақындар өнерінің сақтаушысы және мұрагері болды, ол Орталық Азиядағы ақын-жыршылардан жанды қозғалыс пен жұмсақ әуезділік үйлесім тапқан стильге бағынатын сөз үндестігін меңгеруді мирас етті.
Альфред КУРЕЛЛА
«Абай» романы-тарихи роман, кітаптағы оқиғалар бұрынғы ғасырда өтеді және онда тарихи тұлғалардың тағдырлары туралы баяндалады... Біз бетбұрысты тарихи кезеңдегі тұтас халықтың тыныс-тіршілігін көреміз. Кейіпкер қазақ өмірінің бүкіл қалтарыстарынан өтеді, әрі осы бәрін толық қамтитын баяндаудан кітаптың тарихи роман ретіндегі құндылығы көрінеді. Романдағы өткір шиеленіс, қасыретті жағдайлар, оқиғалардың молдығы оқырманды баурап алады.
Альфред КУРЕЛЛА
Сіз әлі «Абай» романын оқыған жоқсыз ба? Ендеше, ештеңе оқымаған адамсыз. Қандай тылсым, әрі ғажайып туынды! Жанданған дала өзінің тамаша жаратылыстағы табиғатымен, ишарасымен және кесек мінездерімен қайран қалдырады. Шекспирлік қым-қуыт оқиғалар қандай десеңізші! Сіз ешқандай ғылыми зерттеуде жоқ дәуірді сезінесіз! Ал поэзия ше! Осы проза түрінде жазылған көлемді екі кітаптан бірде-бір прозалық жолды кездестірмейсіз.
Андре СТИЛЬ
Қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың XIX ғасырдың соңындағы өмірімен бірге біз сол заманда Қазақстанда тұрған көшпелілердің рулар арасындағы қақтығыстарға толы тыныс-тіршілігіне қанық боламыз. Кітапта құда түсулер мен тойлардың, астардың, жазалау мен шайқастардың, барымталардың, Меккеге қажылыққа барудың есте қалатын орасан үлкен көріністері суреттеледі.
Арман ГАТТИ
Мұхтар Әуезовтің қаламымен Абайдың өмірбаяны, құрдымға кетер қарсаңындағы қазақтың феодалдық-рулық қоғамының өмірін бейнелейтін орасан асқақ көркем шығармаға айналды... Тұтас тарихи дәуірдің қалыптасқан дағдылары күйреп, құлады. Мұхтар Әуезовтің шығармасы сияқты кітапты оқыған кезде, сені мынадай ой билеп алады, жазушының хас шеберлігі оқырманды өзгеше сиқыр кереметіне бөлейді, өзге фольклордың қиындығын меңгерген, экзотикалық терминологияны игерген және бұрынғы бірнеше ғасырлар арқылы өткен сен өзіңді көшпелі-қазақ сезініп, кейіпкерлермен бірге ұшы-қиырсыз даланы шарлап, біресе торығып, біресе болашақтан иненің жасуындай үміт іздеуге ұмтыласың
Бенжамен МАТИП
Мен қазақтар туралы бұрын ешқашан естіген емеспін.
Ал енді жуырда ғана Мұхтар Әуезовтің ағылшын тіліне аударылған ғажайып кітабын оқып шыққаннан кейін бұл халықты білетін болдым. Мен шын көңіліммен сіздердің бақытты халқыңызға қызығамын, ал өздеріңізді мәңгі өшпейтін шығармамен құттықтаймын.
Болат ҚАРАҚҰЛОВ
1926 жылы Мұхтар Әуезов «Жалпы театр өнері және қазақ театры» аталатын мақаласында былай жазды: «Бұрын қазақтардың екі байлығы болды-біріншісі-ауыз әдебиеті, екіншісі-музыка». Ұлы жазушы бірінші байлықтың сақталуына бүкіл өмірін арнады, ал екіншісін сақтау Сіздер мен біздерге байланысты.
Всеволод ИВАНОВ
Біздің алдымызда орасан үлкен мәдени құбылыс тұр: оны мен ұлы деп атаудан тайсалмаймын, адамгершілігі мол, адамға сене білетін тұлға.
Герберт КРЕМПИЕН
Жазушы және филолог Мұхтар Әуезов тамаша кітап жазумен қатар, бізге белгісіз жаңа әлемді ашты... Әуезовтің романын аса майда әшекейлерге толы, әрі басты желі, басты ой сақталатын шығыстың ою-өрнектерімен салыстыруға болады. Әуезовтің романы-талғампаз оқырманның өмірінде үлкен оқиғаға айналатын туынды (шығарма).
Е.Фехер ПАЛ
Көшпелі халықтың перзенті М.О.Әуезов XX ғасырдың еуропалық мәдениетін меңгерген. Ол саясаткер емес, шынтуайтында тарихшы, аса көрнекті фольклоршы, көлемді монографиялардың авторы және жазушы, реалист-жазушы.
Евгений КОСТЮХИН
Әуезов өзінің фольклорлық зерттеулерінде ғалым болды, бірақ ол поэзиялық ойлау дарынын жоғалтқан емес. Мұнысы ғылыми талдауға бөгет жасамастан, керісінше көмектесетін еді. Айшықты метафора пікірлер тізбегінің бастамасы немесе түйіні болып, соларға бірлік берді...
«Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» аталатын классикалық шолуы буырқанған метафоралардан басталады, солардың ішіндегі ең айшықтысы: «Қазақ халқы өз бақытын іздеп даламен және ғасырлар бойы көшіп-қонған қасіретті жиһанкез...» Қазақ халқы уақыт бойынша ғана емес, кеңістікте де көшіп-қонған. Қазақ халқының өміріндегі фольклордың ерекше рөлі осыған саяды.
Жан СПАНГАРО
Өткен күндердің ащы да сиқырлы жұпарына толы Мұхтар Әуезовтің тарихи романы біржола болашаққа ұмтылады
Жорж БУЙОН
Ұлттық сана-сезімді көрсете білген ақын бақытты, және өз ақынын аса шынайы да қалтқысыз мадақтаған халық бақытты.
Ираклий АНРОННИКОВ
Мұхтар Омарханұлы біздің өмірімізге тек тамаша жазушы болып қана енген жоқ. Ол-құбылыс, біздің өміріміздің ұлы рәмізі, аңыз-адам, жаңа заманның кемеңгері, нағыз ақын, әрі азамат. Нәзік жанды, ақжарқын, мейірімді, барлығын түсіне білетін сүйкімді адам. Біздің әдебиетімізде ол өз қозғалыстарыңды салыстыруға болатын өлшемге, негізгі кезеңге, от жалынға жататын санаулылардың бірі.
Йожеф ТОРМА
М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі аңыз сияқты басталады да реалистік баяндау түрінде аяқталады... М.Әуезов өзінің «Көксерек» әңгімесінде түрк аңыздарының ежелгі тақырыбын қозғаған. Автордың «Көксерек» әңгімесі «Абай жолы» романымен бірге венгр тіліне аударылды.
Катрин ПУЖОЛЬ
Мұхтар Әуезовті болашақ ұрпақтар үшін әдебиетте айшықтаған қазақ мәдениеті тарихының «алхимигі» деп атауға болады.
Ол ауызша мәдениеттің лүпілін жазу әліппесінің формальды шеңберіне салған «көпір-адам», ауыл өмірінің алаңсыз тыныштығын қаланың беймаза тіршілігіне жеткізген «өзен-адам», өз жұлдыздарына сиынатын қарапайым малшыларды сопылық руханилыққа әкелген «жол-адам», өз халқының алдында бұған дейін жабық болған мәдени асыл қазыналарды айқара ашқан «қақпа-адам». Ол даланың кіндігінде, ұлы отырықшы өркениеттер арасында көпір және жол қиылысы болған аумақта тұратын халықтың байлығы мен арман-мүдделерін өсиет етті.
Костас ФРАНГИСКАТОС
Мұхтар Әуезов, Қазақстанда тұратын белгілі жазушы-романист, Ғылым академиясының академигі. Қазақстан халқының фольклоры мен әдебиетінің тарихын шынайы көрсететін жиырма театр пьесаларының, әңгімелері мен кітаптарының арасында, басты кейіпкері, ұлы гуманист, ойшыл және қазақ әдебиеті мен әдеби тілінің негізін қалаған Абай Құнанбаев (1845-1904) туралы жазылған роман ең көрнекті туынды... Шығармадағы кейіпкерлердің терең психологиялық мінездері көз алдымызда біз үшін таңсық қоғамның типтік бейнелері ретінде кенеттен пайда болады.
Төрт томдық шығарма негізінен Абай Құнанбаевты шебер суреттейді... Кітаптың тартымды да анық жазылғаны соншалық, оқырманды бастан аяқ уысында ұстап отырады.
Жазушының тамаша стилі де өте көркем
Л.МИННЕГУЛОВ
Қыпшақ компоненті қазақтар мен татарлардың этногенезінде (тегінде) үлкен рөл атқарады. Оның жеке тұлғасы мен шығармалары біздің заманымыздағы көптеген халықтар үшін орасан үлкен маңызға ие. Республика оқырмандарының арасында «Абай жолы» романы кеңінен танымал, оның себебі түпнұсқаның көркемдік сапасы жоғары және татар тіліне аудармасы да сәтті шыққан. Мұхтар Әуезов эпопеясының игі әсерінің арқасында XX ғасырдың екінші жартысында татар әдебиетінде тарихи роман жанры жандана түсті... Мұхтар Әуезов қазақ халқының, Тәуелсіз Қазақстанның рәміздерінің (нышандарының) біріне айналды.
Л.Н.ГУМИЛЕВ
Түрк халықтарының аңыз-әфсаналары мен әдебиетінде қасқыр бейнесі жиі кездеседі. Нақ сол қасқыр сарыны венгрлерді түрк-монғол әлемімен, ал аю бейнесі-финн-угор халықтарымен байланыстырады. Ғылыми әдебиет бойынша, ежелгі түрктер қасқырдың басы салынған ту жамылып күрескен. (Н.Я.Бичурин, С.А.Ахинжан, Л.Н.Гумилев және француз түрктанушы-ғалымы Ру).
Лазиз КАЮМОВ
Мұхтар Әуезов – түрк тілді мәдениеттің жарқын жұлдыздарының бірі. Әуезовтің тамаша таланты бұған дейін ешкім суреттемеген ауыл мен даланың аса көп көріністерімен әдебиетті байытты. Абайды асқан сүйіспеншілікпен өмірге енгізгені соншалық, ол адамзатың жадында мәңгі қалып қойды. Осы эпопея-туған халқы мен оның дана перзенті Абайға орнатқан ең озық ескерткішке жатады.
Луи АРАГОН
Мен оның шығармаларын туған еліме таныстырушы болуды өзіме үлкен абырой санаймын. Эпикалық роман «Абай», менің ойымша, ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі.
М.О. ӘУЕЗОВ
«Кітапханамыздың жалпы қоры бүгінде он бір мың кітапқа жетеді»-дейді Мұражай-Үйдің директоры Саламат Табышева.
Мирей БОРИС
Мұхтар Әуезов ақын жанды адам. Ол суреткер ретінде өзінің даласын, өзінің таулары мен өз елінің адамдарын жаңғыртады.
Эпикалық үлкен ақын ретінде Әуезов біреулерінің екіншілеріне қарсы дау жанжалдарының көрінісін ашады. Ол феодализм дәуіріндегі Қазақстанның әдет-ғұрыптарын тамаша суреттеп, қарама-қайшы өмірдің қалтарыстарын баяндайды: малшылардың тыныш тұрмысы мен салт атпен суыт жүріс. Ол дәстүрлі рәсімдердің, жерлеу, құда түсу салттарының жарқын көріністерін жеткізеді. Осындай ұлылықпен және сүйіспеншілікпен, Әуезовтің үніндей дауыспен паш етілген халық бақытты!
Мирей БОРИС
«Абай» - ойландырып-толғандыратын кітап, ол қазақтың «Илиадасы»
Осы елдің тарихы аңызға ұқсас. Ол Абайдың тарихы. Осы кітаптың, әсіресе оның кейіпкерінің бізге бейтаныс таңғажайыбы Абайдың ақын болуымен байланысты. Өздерінің ән-жырлары арқылы ақындар қазақтардың ауызша мәдениетін сақтаған және ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Ежелгі Грекиядағы ел қыдырушы жыршылар сияқты оларды ерекше жаратылған жан деп есептеп, барлық жерде қарсы алған, қаймыққан, әрі жақсы көрген. Солардың ішіндегі ең озығы Абай сөздің шынайы құндылығын, сөздің және музыканың орасан үлкен құдыретін ашты. Оның поэзиясы надандыққа қарсы күресте қаруға айналды. Ақынның жігіттер айтқан ән-өлеңдері жаңа тілдің пайда болуына септігін тигізіп, шынайы махабатты оятқан.
Михаил ЛУКОНИН
«Абай» эпопеясының тағы бір ұлылығы мынада, ол шығармашылықтың қыр-сырына, өмір мен поэзияның құпиясына барынша терең үңіле білген, ақындар мен поэзия туралы әлемдік әдебиеттегі ең озық, ең шоқтығы биік туынды.
Мұрат ӘУЕЗОВ
Мұхтар Әуезов – 20-30 жылдардағы қазақ интеллигенциясының төл перзенті. Жастық шақтың мұраттарына деген адалдықты ол өмір бойы сақтай білді. Жазушының көп қырлы шығармашылығын түсінудің кілті де осында.
Басқалардан бөлек, сопылық «тасарруфты» жүзеге асыра білген немесе басқа дінге кіруге даяр тұрған кісінің жандүниесін «жаулап алған» Абай сияқты, ол өзінің логикалық және бейнелік бастамаларынан, өмірдің дәнін себетін интеллектуалды экспансиясының баурап алуынан және дәлелдігінен, көркем мәтіннің барынша нақтылығы мен толықтығындағы терең мағынаның қылаң беруінен үйлесімді бірлестік табады.
Ол алдына дағдылы-табиғи сияқты асқақ міндет қойды-күйреген көшпелі өркениетті санада ұстауды және сол арқылы оны халықтың болашағы үшін құтқарып қалуды мақсат тұтқан жазушы-демиургтің сенімділігі мен шеберлігін меңгере білді. Бейберекетсіздіктен, алыс және жақын тарихтың құр сүлдерінен ол қазақтың жаны мен парасатының ғарышын жасайды. Осы әрекетінің фактісі, оның жүзеге асатынын растау арқылы өз ғарышына болашақтағы мәңгі болмыстың күш-қуатын хабарлайды.
Мұстай КӘРІМ
«Абай жолы» - қазақтардың ұлттық оянуынан ұлттық кемелденуіне қарай апаратын жол, ол қиын да күрделі, өзін-өзі таныту жолы. Мұхтардың телегей-теңіз көрегендігі, оның жағалаусыз теңізден кейін жағалаусыз мұхит бар екеніне данышпандықпен иландыра білуі бізді қайран қалдырады.
Мұстай Кәрім, Башқортстан
Николай ПОГОДИН
Қазақстан үшін Әуезов – екінші Абай, біз үшін – шығыстың Шолоховы, бұл жазушылар өздеріне дейін әлемге беймағлұм болып келген орасан зор халық өмірін классикалық түрде ашып берді.
Николай ТИХОНОВ
Мұхтар Омарханұлы әдебиет, өнер және журналистика саласындағы Лениндік сыйлықтар жөніндегі Комитеттің мүшесі болды. Осы күрделі де, аса қиын Комитетте жұмыс істеу үшін оның мүшелерінен ұсынылған шығармаларды барынша кең қамту, солардың құндылығын терең зерделеу, шын әділдікті сақтау, кейін жеңілтектік немесе түпкілікті іріктеудің бұрыстығы үшін арыңның мазаламауы үшін қатаң да орынды пікір айту талап етіледі.
Мемлекеттік сипат алатын осындай түрдегі қоғамдық жұмыс үшін Мұхтар Омарханұлы мінсіз адам болды.
Ол үшін құндылық бәрінен де жоғары еді. Ал егер ондай құндылықтар болмаса, егер қорғау тақырыптың маңыздылығы бойынша немесе кейбір жұмсақтықпен жүрсе, ол мұны аяусыз сынап, бұлтартпас пікірлері аса қатаң зерттеуге айналады да, жоғары талапқа сай емес шығарманың кемшіліктерін егжей-тегжейлі талдап береді.
Ондрей МАРУЩЯК
Қазақтың табиғаты, қазақтың ұлттық мінезі, қазақтың ұлттық болмысы мен сана-сезімінің мәні мен нысандары, игі интернационалдық пафос, революциялық өзгерістердің басталуы және заманға сай жаңа мүмкіндіктерді жүзеге асыру Мұхтар Әуезовтің әдеби шығармашылығының басты тақырыптары болып табылады.
Реми ДОР
1942 жылы «Абай жолы» романының жариялануы Әуезовтің даңқын бүкіл әлемге жайды. Француз басылымының алғысөзінде Арагон жазғандай, «роман XX ғасырдағы аса жоғары туындылардың бірі. Ол ойлар мен бейнелердің тұтас әлемін қамтиды». Айшықты жады және егжей-тегжейлі көріністе Әуезов бізді даланың ортасына, Абайдың туып-өскен тобықты руына еліктіріп әкетеді. Бұл кітап толғандыратын роман болумен қатар нағыз этнография оқулығы. Кітапта барлығы ғылыми дәлдікпен жазылған: әдет-ғұрыптар, дәстүрлер, қарым-қатынастар-бүкіл қазақ мәдениеті... Әуезовтің роман жазудағы техникасы мен шеберлігі Бальзакқа немесе Золяға барабар.
Роберт ЭРМЕРС
Мұхтар Әуезов өз еңбектерін Кеңестік идеологиялық қуғын-сүргін кезеңінде, қазақ мәдениеті туралы ашық айтуға болмайтын кезде жазды. М.Әуезов өзінің пікірлері мен ойларын ашық білдіре алмайтын еді, бірақ соларды мәтіннен емес, ал сөйлем жолдарының арасынан табуға болады. «Көксерек» әңгімесі кішкентай бала Құрмаш пен қасқырдың арасында орнамаған достықты баяндаумен ғана шектелмейді. Шамасы, қасқыр нышан болса керек; жазушы қазақ халқының ауыр өмірін, табиғаты мен елін және қазақ халқының тұрмыс салтын суреттеген.
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ
Оның шығармалары – қазақ халқының үні, халықтың мақсат-мүдделері, армандары мен үміттері тарихының үні. Жарқын болашаққа үміт артып, осы жолдан өткен халықтың қасіреті мен азабы. Романдар, повестер, пьесалар, әңгімелер жазған, соларда ескі көшпелі дүниенің күйреуін көрсеткен Мұхтар Әуезов дүниеден адамға қарай қадам жасайды. Өмірдің сарқылмайтын түпсіз құдығынан өз шығармаларының мазмұны мен философиясын саралаған Мұхтар Әуезовтің көркем ойы ұлттық төл мінездер жасайды да, осы бейнелер, мәселен, Абайдың бейнесі әлемдік әдебиеттің аса көрнекті үлгілерінің қатарына тұрып, сол арқылы жалпыадамзаттық мәнге ие болады.
Мұхтар Әуезовтің шығармалары-өмірдің өзі секілді, арнасы толы өзен сияқты, аспан аясымен жылжыған күн мен ай сияқты, баяу көтерілетін, бірақ желмен қызу тербелетін даланың шөбі сияқты шынайы дүниелер.
Су Чжоу СЮНЬ
«Абай» және «Абай жолы» романдары жазушының көп жылдық еңбектерінің нәтижесі болып табылатын аяқталған шығармалар. Романдағы негізгі кейіпкерлер де, сюжеті мен құрылымы да шымыр. Абай туралы осы романды әрі бай, әрі терең мазмұны, оқиғаларды кең қамтуы бойынша нық сеніммен эпикалық шығарма деп атауға болады. Абай туралы романды реалистік роман деп атайды, өйткені жазушы қоғамдық өмірдің ең терең қыр-сырларына үңіліп, адамдар арасындағы қатынастардың күрделі жақтарын ашып, халықтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін шынайы көрсете білген.
Абай – қазақ халқының ұлы ақыны, Шәкәрім-оның бауыры және ізбасары, ал Мұхтар-абайтанудың негізін қалаушы. Осы үш алып қазақ халқының мақтанышы мен абыройы. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы жарық көргеннен кейін қазақ әдебиеті тарихи заңды құбылыс ретінде Әуезовтің дәстүрлерін дамыта түсті.
Тома Георге МАЙОРЕСКУ
Абай жолы, оның ән-жырының жолы-қазақ халқының жолы
Томас ВИННЕР
Мұхтар Әуезов қазақтың халық драмасын дамытуға бәрінен көп үлес қосқан және ең көрнекті қазақ драматургі, прозашысына айналған жазушылардың бірі. Қазір ол өзінің эпикалық «Абай» романы және қазақ әдебиеті мен фольклорының тарихына қосқан үлесінің арқасында кеңінен танылды... «Абай» өмірбаяндық романнан кең ауқымдағы шығарма. Ол Абайдың руы-тобықтыда шамамен 1858-1887 жылдары болған оқиғалардың және Абай өмірінің тұсындағы XIX ғасырдың соңындағы қазақ қоғамының жан-жақты зерттеуі.
Фахар ЗАМАН
Мұхтар Әуезов-қазақ жерінің ұлы жазушысы, академик-ғалымы, ол әдебиеттің түрлі жанрларын керемет дамыта білген кемеңгер тұлға. Оның шығармашылығы әлемнің бір бөлігімен ғана шектелмейді. Кеңістікті уақыттық межелерді ысырып тастаған ол, бүкіл әдемілікті, игілік пен жоғары мәдениетті паш ететін феноменге айналды. Пәкістандықтар Әуезовті ойшыл, ғалым, интеллектуал ретінде құрмет тұтады. Ол өз халқының мүдделерін таза да шынайы көрсете білген жан.
Федерико МАЙОР
Әуезовтің ұлы жазушы, терең білімдар, өз заманының айнасы, адамзат баласы сол арқылы өткен, оның өзі де осы қыспақта болған тұлға екені даусыз. Ол қазақтың әдеби қайраткері, XIX ғасырдағы ақыны және философы ұлы Абайдың шығармашылығын зерделеуді алғашқылардың бірі болып қолға алды, біз Абайдың 150-жылдығын 1995 жылы атап өттік. Сонымен қатар Әуезов қазақ халқының тарихы, әдебиеті және Қырғызстанның халық шығармашылығы саласындағы көптеген зерттеулердің авторы.
Франтишек СОУКУП
Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын қазақтың ұлы ағартушысы және реалистік қазақ поэзиясының негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың өмірбаянын көркем суреттеу ретінде ішінара ғана қарауға болады. Осы өмірбаяндық романның мағынасы әлдеқайда кең, ол-қазақтардың өмірінің, ғұрыптары мен мәдениетінің нағыз әдеби энциклопедиясы.
Шанталь ЛЕМЕРСЬЕ-КЕЛЬКЕЖЕЙ
Әр халықтың өзінің рәміздік (нышандық) тұлғалары бар.
Мұхтар Әуезов өзінің бүкіл дарыны мен өнерін туған еліне қызмет етуге бағыштаған дарынды және білімді ойшылдардың саңлақтар тобына жатады. Ол ұлттық гуманизмнің мұрагері екенін бір сәт естен шығарған емес. Еркіндікті қорғауға және өзінің ұлы ұстаздарының рухтары алдында адал болуды мақсат тұтты.
Шыңғыс АЙТМАТОВ
Менің басқа елдерге апаратын, өзге халықтардың табалдырығынан аттайтын екі қасиетті тұмарым бар. Олар – «Манас» пен Мұхтар Әуезов. Менен қазақ пен қырғыз, сендер кімсіңдер деп сұрағанда, мен «Манас» пен Мұхтар Әуезов туралы айтамын. Екеуі де біздің халықтарымыздың рәмізі, мақтанышы.
Эрих МЮЛЛЕР
Эпикалық шығармалар жазған және драматург Мұхтар Әуезов, Генрих Манн сияқты ұлы сәуегей және суреткер жан. Дарын иесі Қазақстанды тұмшалаған феодалдық дәуірдің шымылдығын көтерген сияқты; бізде «Таң алдында» деген атпен шыққан «Абай» романы осылайша жарық көрді. Ағартушы және қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абайдың бейнесі айшықты да әсерлі көрсетіледі... Егер Гете мен Гейне, Зегерс пен Бредель алыс Қазақстаннан екінші әдеби отанын тапса, ал М.Әуезов «Таң алдында» романы арқылы біздің жерімізге өзі үшін берік киіз үй тікті.