Қоңыр - қазақ тіліндегі ең асыл сөздердің бірі. Көптеген атаулармен сөз тіркестерінде Қоңыр атауы аса бай лексикалық қор құрайды, бұл сөздердегі нақты мағыналардың саналуандылығы, ылғалға қанған құнарлы топырақ сияқты ортақ басым эмоциялық сырлы астарды бойына сіңіреді. Қоңырмен қосақтасатын сөздер адамның көру, есту сезімі, тәні мен жаны және парасаты үшін Мінсіз сабақтастық құрайды. Ол жаймашуақ, мамыражай табиғатқа, хас сұлулар мен сәйгүлік тұлпарлардың ғажайыптығына, күміс көмей әншілер мен музыкалық аспаптардың "құлақтан кіріп бойды алатын-тәтті әндері мен әсем күйлерінің" (Абай) құдыретіне, нағыз кемеңгерлердің этикалық дарындылығына және көптеген басқа да адамзат баласын тамсандыратын әдемілікке қолданылады. Бірақ бұл сонымен қатар сағым іспеттес Мінсіздік. Оған тағзым етуге болады, бірақ оны адам жасаған жоқ, сондықтан оны ұстап тұру пенденің қолынан келмейді. Бұдан Қоңырдан кейін ілесетін сөздердің кіршіксіз мұңлы сарыны туындайды. ¥дайы толғандыратын, мәңгі саф мөлдірлігін сақтайтын осы Атасөздің Мұң сөзімен тіркесте жиі қолданылатыны барынша табиғи қалыптасқан құбылыс. Қоңыр сөзінің түске қатысты, біршама шартты белгісі: ғайыпқа кетіп бара жатқан өмір сияқты қызыл түстің қара түске қарай ұласуы. Күйзелістер, өздері жасамайтын беймәлім перспективадағы түбегейлі өзгерістер кезеңінде Қоңыр сөзі, әрине мұңлы көңіл-күй нышанындағы мағынаға ие болды, бірақ бұл сөзде сұрапыл жылдарды бағындыруға деген ерік-жігер мен ынта да бар еді. Осындай көңіл-күйлерге ең алдымен ақындар, ғұлама-ойшылдар мен қоғам қайраткерлері ұйытқы болды. Мамандардың айғақтары бойынша, XX ғасырдың жиырма-отызыншы жылдарындағы озық қазақ интеллегенциясының арасында Қоңыр және Жел сөздеріне ерекше мән берілген. Мұхтар Әуезов өзінің ең алғашқы туындыларын Қоңыр псевдонимімен шығарған. ¥лы Мағжан Жұмабаевтың бүкіл поэзиясындағы толассыз Жел бейнесі - тосқауылдарды бұзып-жарып өтетін жойқын күш, әрі нәзік және аялап - тербететін, татулық пен ырыздықтың ұрығын себетін табиғи құбылыс.